Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 230-дан асты

Ulysmedia
Фото: Juan BARRETO / AFP via Getty Images

Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 230-дан асты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

ВВС мәліметінше, Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 235 адамға жеткен. Мыңдаған адам із-түссіз жоғалған.

Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригеснің айтуынша, табиғи апат салдарынан 1 520 адам жарақат алған, 200-ге жуық адам әлі де үйінді астында қалып отыр.

Сондай-ақ кемінде 2 927 отбасы баспанасыз қалған. 250 ғимарат қираған немесе қатты зақымданған. Ең көп зардап ел астанасы Каракастың солтүстігіндегі Ла-Гуайра штатында тіркелген.

Бұған дейін АҚШ Геологиялық қызметі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 10 мыңнан 100 мың адамға дейін жетуі мүмкін деген болжам жасаған.

Қазіргі уақытта Венесуэлада төтенше жағдай режимі жарияланған.

Контекст

Жер сілкінісі сәрсенбі күні кешке Каракастың батысында болды. Бірер минут арасында магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жерасты дүмпуі тіркелді. Кейіннен 138 афтершок болған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісі Венесуэланың алты штатында сезілген.

Венесуэлада ең жойқын жер сілкінісі 1967 жылы болған. Ол кезде Каракастың Палос-Грандес және Альтамира аудандарында тұрғын үйлер қирап, 200-ден астам адам қаза тапқан.