Алматыда жедел жәрдем дәрігерлері тұрғын үй кешенінің ауласында әйелді босандырып алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оқиға Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданында болған. Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге шақырту таңғы сағат 06:21-де түскен. Дәрігерлер оқиға орнына 10 минутта жеткен. Алайда сол кезде әйелдің толғағы күшейіп, босану процесі басталып кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, аулада көліктің көп болуына байланысты жедел жәрдем көлігі шақырту орнына жете алмаған. Соның салдарынан медицина қызметкерлері босануды жедел жәрдемнің зембілінде қабылдаған. Нәтижесінде қыз бала дүниеге келген.
ТҰРҒЫНДАР ДАБЫЛ ҚАҒЫП ЖАТЫР
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ауданда автотұрақ мәселесі бұрыннан шешілмей келеді. Олардың сөзінше, құрылыс салушы компания жеткілікті тұрақ орнын қарастырмаған, ал аудан әлі де қарқынды салынып, халқы көбейіп жатыр, деп жазды kris_p_almata.
Аулалардағы көліктің көптігінен жедел жәрдем ғана емес, басқа да арнайы қызмет көліктерінің жүруіне қиындық туындайды.
Тұрғындар күн сайын тұрақ тапшылығына тап болатынын айтып, мұндай жағдай қайғылы оқиғаға ұласпай тұрғанда қала билігін мәселені шешуге шақырды. Олар бұл оқиға жауапты органдарды автотұрақ мәселесіне назар аударуға және төтенше жағдай қызметтері үшін еркін жүріп-тұруды қамтамасыз етуге итермелейді деп үміттенеді.