Францияда аптап ыстық салдарынан өлім-жітім күрт көбейді

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Францияда аптап ыстықтың салдарынан өлім-жітім көрсеткіші күрт өсті. Алдын ала мәлімет бойынша, соңғы бірнеше күнде қайтыс болғандар саны қалыпты көрсеткіштен шамамен мың адамға көп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі 23 маусымнан бастап елде күн сайынғы өлім-жітім көрсеткішінің айтарлықтай өсе бастағанын мәлімдеді. Әсіресе. ауа райына байланысты ең жоғары – қызыл қауіп деңгейі жарияланған өңірлерде ахуал қиындай түскен. Қайтыс болғандардың басым бөлігі өз үйінде көз жұмған.

24 маусымда Францияда түрлі себеп бойынша 1 200-ден астам адам қайтыс болды. Ал 25 және 26 маусымда бұл көрсеткіш тәулігіне 1 400-ден асты. Салыстыру үшін айтсақ, сәуір мен мамыр айларында елде күніне орта есеппен 900-1000 адам қайтыс болатын.

Францияның денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітімнің артуы барлық жас санатына әсер еткенін атап өтті. Дегенмен ең көп зардап шеккендер – егде жастағылар. Қайтыс болғандардың шамамен 85 пайызы 65 жастан асқан адамдар болды.

Мамандар қалыптан тыс ыстықтың салдары тек қауіп тобына жататын адамдарға емес, кез келген адамға әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

АПТАП ЫСТЫҚТЫҢ БЕТІ ҚАЙТТЫ

Бірнеше күн бойы кей өңірлерде ауа температурасы 40 градустан асқаннан кейін, 28 маусымда Франциядағы жағдай біршама жақсарды. Парижде ауа температурасы 29 градусқа дейін төмендеп, тұрғындар аптаптың беті қайтқанын сезіне бастады.