Қазақстанда 29 маусым мен 2 шілде аралығында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежелеріне келтіру бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығулардың мақсаты – әскери қызметшілер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне көшу кезіндегі практикалық дағдыларын жетілдіру.
Ведомствоның хабарлауынша, іс-шаралар жоспарлы оқу сипатында ұйымдастырылады және негізінен әскери бөлімдердің аумақтары мен оқу полигондарында өтеді. Осыған байланысты елдің бірқатар өңірінде әскери техниканың қозғалысы байқалуы мүмкін.
Сонымен қатар жекелеген әскери бөлімшелер оқу полигондары мен оқу орталықтарына жоспарлы марш жасайды. Осы кезеңде кейбір автожол учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі ықтимал.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды, әлеуметтік желі қолданушыларын және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған ақпарат таратпауға үндеді.