Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Сенаттағы брифингте импорттық қызанаққа салынған шектеулер аяқталғаннан кейін ішкі нарықта тапшылық немесе бағаның өсуі болады деген қауіпке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Журналистер вице-министрден қызанақ бағасы күрт қымбаттап, нарықта тапшылық туындауы мүмкін бе деп сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай қауіп жоқ.
«Біз бұлай деп болжап отырған жоқпыз, себебі тыйымның мерзімі ертең аяқталады. Ол 30 маусымға дейін ғана енгізілген. Бұл шара көкөністерді жабық жерде өндірушілердің өтініші бойынша қабылданды, өйткені олар қоймаларда өнімнің шамадан тыс жиналып қалуына тап болды. Соның салдарынан жаңа өнім айналымын бастау қиын болды, себебі импорттық өнімнің демпингі байқалды. Олардың өзіндік құны мемлекеттік қолдау мен климаттық жағдайлардың арқасында төмен», – деді Азат Сұлтанов.
Сонымен қатар, Азат Сұлтанов барлық енгізілетін және алдағы уақытта қолданылатын шектеулер бизнес өкілдерімен бірлесіп, келісім негізінде қабылданатынын атап өтті.
«Мысалы, жұмыртқа бойынша сіздер білесіздер, біз бірнеше жылдан бері импортқа шектеу енгізу тәжірибесін қолданып келеміз. Жуырда әріптестеріңіз де жариялағандай, жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жатады және олардың бағасы өскен жоқ. Өндірушілермен келісілген деңгейде тұрақты сақталып отыр. Сол сияқты ет өнімдері бойынша да, мысалы сиыр етіне қатысты шектеулер енгізілген кездер болды. Біз ішкі нарықты қамтамасыз ету жөнінде келісім жасадық. Дәл осындай шаралар қызанаққа да қатысты болады. Ал алма бойынша да өндірушілермен келісім жасалып, дүкен сөрелеріндегі баға тұрақты деңгейде сақталды», – деді ол.