7 жылға соттайды: Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады

Ulysmedia
Фото: freepik.kz

Бас прокуратура қазақстандықтарға дропперліктің қаупі туралы ескертіп,  7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бас прокуратураның мәліметінше, интернет-алаяқтыққа көмектесетін дропперлердің әрекеті салдарынан соңғы бес айда қазақстандықтардан ұрланған 400 миллион теңгеге жуық қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Содан бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген.

“Заңға сәйкес, банк шотын заңсыз пайдалануға бергені немесе басқа адамның тапсырмасымен күмәнді ақша аударымдарын жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытқа дейін 216 дроппер жауапқа тартылып, оның 202-сі сотталған”, – делінген хабарламада.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында жеті колледж студенті банк шоттарын ашып, олардың деректерін алаяқтарға бергені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Осы шоттар арқылы азаматтардан, оның ішінде зейнеткерлерден ұрланған 4 миллион теңгеден астам қаржы өткен.

Енді олар пробация бақылауында болып, сот белгілеген талаптарды орындауға және мәжбүрлі еңбекке тартылуға міндетті. Егер бұл талаптарды бұзса, жаза бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, дропперлердің банк шоттары бұғатталып, оларға басқа да қаржылық шектеулер қойылады.

“Егер бұрын өз банк картаңызды немесе шотыңызды басқа адамдарға пайдалануға берген болсаңыз, құқық қорғау органдары банкке жүгініп, картаны дереу бұғаттауға кеңес береді”, – дейді Бас прокуратура.

Сонымен қатар заңда жеңілдік те қарастырылған. Егер адам өз еркімен құқық қорғау органдарына хабарласып, қылмысты ашуға көмектессе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.