Түркістан облысында жол апатынан бір әулеттің 5 баласы қайтыс болды

Ulysmedia
Жасанды интеллект

Түркістан облысында болған жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан бір әулеттің бес баласы бір күнде қаза тапты. Дәрігерлер ауыр жарақат алған алтыншы баланың жағдайы ауыр дейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

«Отырар» арнасының хабарлауынша, сенбі күні Түлкібас ауданы Еңбекші ауылында жол-көлік оқиғасы болып, бір әулеттің 5 баласы қайтыс болды. Алтыншы бала ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Оны дәрігерлер өлім аузынан аман алып қалған. Баланың қазіргі ахуалы жайында оның ата-анасы қандай да бір ақпарат беруге тыйым салған.

Дәл қазір оқиға орнында қирап, екіге бөлінген көлік пен әлдебір құжаттар шашылып жатыр.  Көлік ағашқа соғылған. Бейресми ақпаратқа қарағанда, көлік тізгінінде биыл мектеп бітірген  оқушы отырған. Марқұмдарды туыстары демалыс күні жер қойнына тапсырған. Қара жамылған отбасы оқиға туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал ауыл тұрғындары қайғылы жағдай туралы былай дейді.

«Ол түсіп келе жатқанда жоғарғы жақта болған ғой бұл апат. Біздің Еңбекшінің үстіңгі жағында болған. Оны көрген жоқпын. Үйіне көңіл айтып барыпкелдік. Байқұстар бәрі боздап жылап отыр. Жаңағы қыз екен біреуі. Менің немереммен оқиды екен. Сол қыз екен дейді ғой рөлде. Жақсы кісінің қыздары еді. Амал жоқ. Құдай-ай, айналайын құдай-ай сондай жастарды алғанша біз сияқты кәрілерді ала берсе екен деп жаман болдым мен», – дейді ауыл тұрғыны Бейсенкүл Күдериева.

Полиция не дейді

Облыстық полиция департаменті оқиғаны растады. Бес адам қаза тауып, бір адам жарақат алған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Алдын ала мәлімет бойынша, Түлкібас ауданындағы автожолда Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі ағашқа соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады”, – дейді Түркістан облыстық полиция департаменті.

Бас прокуратураның дерегінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында 461 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 100 адам қайтыс болып, 573 адам түрлі дене жарақатын алған.