Халық партиясы төрағасының ұлы "Қазақстан тарихын" оқыды ма? Әкесі не дейді?

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстан халық партиясының төрағасы болып сайланған Нұрсұлтан Шоқанов ұлының Қазақстан тарихы пәніне қатысты айтқан сөзіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қазақстан халық партиясының жаңа төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, ұлы өз қателігін мойындаған.

“Оның пікірін естігенде таңқалдық. Оның айтқаны, әрине, дұрыс емес. Ол да өз қателігін мойындады. Ұлым оқитын мектепте Қазақстан тарихы пәні оқытылады. Ол блогер болғандықтан, лайк пен қаралым жинағысы келген болар”, – деді депутат.

Контекст

Желіде Қазақстан халық партиясының жаңа төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың ұлы Ибрагим Шоқановқа қатысты видео кеңінен тарап, талқыланып жатыр. 16 жастағы Ибрагим TikTok-та танымал блогер. Оның парақшасында жүздеген мың оқырманы бар, видеолары миллиондаған қаралым жинайды.

Шоулардың бірінде көрермен оған «Қазақ хандығы қашан құрылды?» деген сұрақ қойған. Блогер «Бізде Қазақстан тарихы болған жоқ, біз ағылшын мектебінде оқыдық» деп жауап берген.

Бұл жауап студияда күлкі тудырғанымен, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталасқа себеп болды. Сонымен қатар пікірлерде Ибрагим Шоқановтың Қазақстан халық партиясының жаңа төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың ұлы екені және оның Ұлттық құрылтайдың болашақ мүшесі екені де айтылып, депутат ұлына дұрыс тәрбие бермеген деген пікірлер айтылып жатыр. Кейбіреулер ұлын дұрыс тәрбиелей алмаған адам депутат болуға құқығы жоқ деп те есептейді.