Конституцияның басты құндылығы – сөз, ой еркіндігі. «Ұлысмедиа» алаңында пікір алмасу

Ulysmedia
Ulysmedia

Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыған орай, Ulysmedia.kz «Халықтық Конституция: ел өміріндегі жаңа кезең» деген тақырыпта пікірталас өткізді.

– Бүгінгі тарихи сәтті Ulysmedia алаңында, тікелей эфирде бірге атап өтуді жөн көрдік. Әңгімені дастархан басында айтпақпыз. Бүгін Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл қоғам үшін, мемлекет үшін жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.  Жаңа Конституция тек билік өкілдеріне емес, азаматтық қоғамға, қазақ еліне қатысты, – дейді Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева.

Алғашқы сөз кезегі қоғам қайраткері Мұрат Әбеновке берілді. Ол депутаттар тізімінде әзірше жоқ екенін әзіл-қалжыңмен жеткізді.

 

– Бүгінгі жақсы бастамаға шақырғандарыңызға рақмет. Әңгіменің дәл осындай кең әрі дөңгелек дастарханда өрбігені үлкен мағына білдіреді. Бұрышы жоқ дастархан басында отырған бәріміздің құқығымыз тең. Жаңа Конституция бүгін күшіне енді. Өзім Конституциялық кеңестің 330 мүшесінің бірі болдым. Ең алғашқы күні «сөз еркіндігі» туралы айттым, бірақ оны Конституцияға «сөз бостандығы» деп жазып қойыпты. Бұл дұрыс емес екенін жеткіздім. Сөз бостандығы деген ақпарат таратушы есебінде айтылады. Біз мұны «ой еркіндігі» деп айтуымыз керек. Себебі демократияның, Конституцияның басты құндылығы адамның өз ойын еркін жеткізуі деп есептеймін. Бүгін Жаңа Конституция күшіне енді. Ұлысмедиа осы алаңда ойымызды еркін жеткізуге мүмкіндік беріп отыр – дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, бүгінде әлемдік нарықта ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан экономиканы дамытудағы басты міндеттің бірі – азаматтардың әлеуетін тиімді пайдаланып, олардың табысын арттыру.

– Тек жер астындағы байлыққа емес, азаматтардың потенциалына сүйенуіміз керек. Олардың шығармашылығын, ойын, іскерлігін еркін жүзеге асыруына мүмкіндік беруіміз керек. Олар «мемлекет қалай қарайды?» деп үрке қарап тұрса, ішінде жатқан мүмкіндігін толық аша алмайды. Жастардың өзін өзі дамытуына мүмкіндік берсек, бізге теңіздің де, миллиондаған адамның да қажеті жоқ. Конституциялық кеңесте де талантты адамдарға еркіндік берсек, үлкен жетістікке жете аламыз деген сөзді айтқанмын, – дейді ол.

Қоғам қайраткерінің сөзінше, ол екі палаталы Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру туралы ұсыныс жасаған бастамашылардың бірі болған.

– Унитарлы мемлекет екенінімізді бұрыннан айтып жүрдік. Федерация емеспіз. Сондықтан бір палаталы парламент болғаны дұрыс. Кейбір кезде заң сенатқа барып тоқтап қалады, яки сенатқа барып өзгеріп кетеді. Мәжілісте ашық талқыланғанмен, сенатта өзгеріске ұшырауы мүмкін. Ал бір палаталы парламент болған кезде жауапкершілік те артады. Әр партия өзіне мықты депутатты сайлауғ тырысады.Міне осы алаңда «Қазақ халқы биліктің иесі» деген жазу тұр. Конституцияның басты мағынасы осы, – дейді Мұрат Әбенов.