Алматыда сел қаупіне байланысты ахуал тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпті учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АХУАЛ ТҰРАҚТЫ
Ведомствоның мәліметінше, қаладағы гидрологиялық жағдай тұрақты, өзендерде су деңгейінің көтерілуі тіркелмеген.
ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдар алдын алу шаралары аясында Ақсай өзенінің қорғаныс бөгеті маңындағы арнаны нығайту және тазарту жұмыстарын аяқтады. Соның нәтижесінде өзендегі су деңгейі айтарлықтай төмендеген.
ӘУЕДЕН ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Бүгін, 2026 жылғы 2 шілдеде мореналық көлдер мен өзен бассейндеріне аэровизуалды тексеру жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар мамандар Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріне үздіксіз мониторинг жүргізіп жатыр.
Жағдайды бақылау үшін мониторингтік бекеттерге Алматы төтенше жағдайлар департаменті, Құтқару қызметі, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесі және полиция департаментінің 130-дан астам қызметкері мен 20 техника жұмылдырылған.
Министрлік мәліметінше, Алматыдағы сел қаупіне қатысты ахуал тұрақты бақылауда және жағдай ТЖМ-нің ерекше қадағалауында тұр.