Алматының Бостандық аудандық №2 сотында Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы және үлескері Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша: 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету»), 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылып отыр.
СОТ ПРОЦЕСІ ҚАЛАЙ ӨТІП ЖАТЫР?
Журналистер процесті сот залына кірмей, басқа бөлмеде орнатылған монитор арқылы бақылап отыр.
Бұған дейін талапкер Мақсат Ғаниев Гүлнәр Бажкенованың түрмеге қамалуын талап етпейтінін, басты мақсаты келтірілген шығынның өтелуі екенін айтқан.
Іс материалдарына сәйкес, Orda.kz басылымындағы үлестердің 30%-ы Гүлнәр Бажкеноваға, ал 70%-ы Мақсат Ғаниевке тиесілі болған.
Гүлнәр Бажкенова өзіне тағылған айыпты мойындамайды және тағылған айыптармен келіспейді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Гүлнәр Бажкенова 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бері үйқамақта. Сол күні полиция оның үйі мен Orda.kz редакциясында тінту жүргізді. Кейін редакцияның бірнеше қызметкері жауап алуға шақырылды.
Сот оған мемлекет есебінен адвокат тағайындады.