Қазақстанда негізгі ҰБТ-дан ең жоғары – 140 балл жинаған тағы бір түлек белгілі болды. Бұл жолы рекордтық нәтижеге Қызылорда облысының мектеп бітірушісі Альфия Балхан қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде Қызылорда қаласындағы өңірлік тестілеу орталығында Альфия Балхан «Қазақ тілі – Қазақ әдебиеті» пәндер комбинациясы бойынша тест тапсырған.
Талапкер емтиханда 138 балл жинаған. Сонымен қатар ол ҚАЗТЕСТ сертификаты арқылы «Қазақ тілі» пәні бойынша нәтижесін конвертациялап, жалпы көрсеткішін 140 баллға жеткізді.
Альфияның айтуынша, ол ҰБТ-ға 11-сынып қарсаңында жүйелі түрде дайындала бастаған.
– Арманым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Кішкентайымнан қазақ классикасын оқуға құмармын, ал менің сүйікті шығармам – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Әдебиетке деген сүйіспеншілігім мені ұстаз болуға және ана тілімізге деген құрмет пен сүйіспеншілікті жас ұрпақтың бойына сіңіруге жетеледі. ҰБТ-ға дайындық барысында қолдау көрсетіп, жігер берген ата-анама және ұстаздарыма алғысымды білдіремін, – деді ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Айта кетейік, бұл – биылғы негізгі ҰБТ-дағы екінші ең жоғары нәтиже. Бұған дейін, 26 мамырда, Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир да 140 балл жинаған еді.
Жалпы, негізгі ҰБТ басталғалы жеті апта ішінде талапкерлер 340 мыңға жуық рет тест тапсырған. Қатысушылардың 70%-ы шекті балды еңсерсе, бес пән бойынша орташа нәтиже – 66 балл болды.
Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін екі мүмкіндікті есептегенде 446 мыңнан астам өтініш қабылданған. Ал тестілеудің өзі 10 шілдеге дейін жалғасады.