Алматының тау бөктеріндегі өзен маңынан 17 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды

Ulysmedia
Pixabay.com

Сот шешімімен Алматының Медеу ауданындағы Бекенбай өзені арнасының су қорғау аймағында орналасқан (Мұзтау шағынауданы, бұрынғы Бутаковка) жалпы аумағы 7,7 гектардан асатын 17 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алматы әкімдігінің жерді пайдалану мәселесіне жүргізіп отырған жүйелі мониторинг жұмыстарының арқасында жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Тексеру барысында аталған жер учаскелеріндегі жылжымайтын мүлік нысандарының кадастрлық төлқұжаттарын рәсімдеу кезінде заңбұзушылықтар анықталды.

СОТ ШЕШІМІ

Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті 17 жер учаскесіне қатысты сәйкестендіру құжаттарының күшін жою туралы нұсқама шығарды. Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, департамент Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арызбен жүгінді.

– Сот талап-арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, – делінген хабарламада.

Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес заңсыз рәсімделген жер учаскелерін анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғастырып жатқанын хабарлады.