Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы оған көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
2 шілдеде Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында іс бойынша сот жарыссөзі өтті.
Жәбірленуші – Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, прокурор соттан Әділетхан Молдаханды Қылмыстық кодекстің көрінеу жалған ақпарат тарату бабымен кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сондай-ақ жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдап, соттан Молдаханға блогерлік қызметпен айналысуға қосымша тыйым салуды өтінді.
Адвокаттың сөзінше, жәбірленушілер сотталушының әрекеті Ержан Ұзабаев пен Серік Шұмаевқа моральдық және материалдық зиян келтіріп қана қоймай, ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне кері әсер еткен деп есептейді.
ІС ТУРАЛЫ
Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған. Блогер 21 наурызда Алматының әл-Фараби даңғылы бойында болған жол апатынан кейін әлеуметтік желіде пост жариялаған. Үш адамның өмірін қиған апатқа қатысты блогер полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алған. Сондай-ақ автокөлікпен жарыс ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Әділетхан Молдаханның 1 миллионнан аса оқырманы бар. Әлеуметтік желіде көбіне азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша заңгерлік кеңестер айтады.
Бұған дейінгі сот отырысында Әділетхан Молдаханның адвокаттары тараптардың медиациялық және процессуалдық келісімге келу, қамауда ұстау бұлтартпау шарасын үй қамаққа ауыстыруды сұрап өтінішхат түсірген.
Прокурор оған қарсылық білдіріп, жәбірленуші тарап өтінішхатты соттың қарауына қалдыған.
Сотқа төрағалық етуші судья Ерлан Қасымбек Әділетхан Молдаханды үйқамаққа жіберу туралы өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырған.
Жәбірленуші Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдіраимов 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өтеуді талап еткен.
Іс бойынша Алматы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші деп танылған.