Рыбакина мен Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты

Ulysmedia
Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Александр Бублик Лондондағы Уимблдон турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕЛЕНА РЫБАКИНА

Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» санатындағы Уимблдон турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 50-ракеткасы, америкалық Кэти Макналимен кездесті.

Матч екі сетке созылып, Рыбакинаның сенімді жеңісімен аяқталды – 6:1, 6:2.

Теннисшілер кортта 1 сағат 11 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена бір эйс жасап, үш қос қателікке жол берді және 10 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.

Енді үшінші айналымда Рыбакина әлемнің 25-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен кездеседі.

АЛЕКСАНДР БУБЛИК

Ал Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик екінші айналымда әлемнің 139-ракеткасы, франциялық Кириан Жакемен кездесті.

Кездесу үш сетке созылып, Александрдың жеңісімен аяқталды – 6:3, 6:4, 7:6 (7:5).

Теннисшілер көгал төсенішіндегі кортта 1 сағат 50 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Бублик 15 эйс жасап, екі қос қателікке жол берді және сегіз брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.

Осылайша, қазақстандық теннисші Уимблдонның үшінші айналымына шықты. Келесі кезеңде ол америкалық Фрэнсис Тиафомен ойнайды.