АҚШ-та аптап ыстықтан Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар кейінге қалды

Ulysmedia

АҚШ-тағы қатты ыстық Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шараларға әсер етті. Орталық және шығыс штаттардың бірқатарында ауа температурасы қауіпті деңгейге жеткен соң, ондаған іс-шара – шерулер, концерттер мен отшашулар тоқтатылды немесе басқа күнге ауыстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ел бойынша шаралар тоқтатылды

Ыстықтан кейінге шегерілген басты іс-шаралардың бірі – Вашингтондағы АҚШ-тың 250 жылдығына арналған Great American State Fair жәрмеңкесі болды. Барлық 50 штат таныстырылуға тиіс болған жәрмеңке ауа температурасы 38 градусқа жеткеннен кейін уақытша жабылды.

Кейін ел астанасында Тәуелсіздік күніне арналған дәстүрлі шеру де өтпейтін болды. Бұған қауіпті ауа райы себеп болған. Синоптиктердің болжамынша, ауа температурасы 46 градус болып сезілуі мүмкін еді.

Аптап ыстық рекорд жаңартты

Ауа температурасының мұнша көтерілуіне «жылу күмбезі» деп аталатын құбылыс себеп болған. Бұл – жоғары қысым аймағы ыстық ауаны ұстап қалып, ылғалды күшейтетін жағдай.

Метеорологтардың мәліметінше, аптап туралы ескерту 185 миллионнан астам адамға жолданған. Бұл – ел халқының жартысынан көбі.

Бірнеше қалада ауа температурасы тарихи рекордтарды жаңартты.

Энергия жүйесіне салмақ түсті

Қатты ыстық АҚШ-тың энергия жүйесіне де әсер етті. 67 миллионға жуық адамға қызмет көрсететін ірі электр желісі операторы PJM тұрғындарды электр қуатын үнемдеуге шақырды.

Бұған электр желілеріне түскен шамадан тыс салмақ, генераторлар жұмысындағы ақаулар және кондиционерге сұраныстың күрт артуы себеп болған.

Нью-Йоркте шамамен 17 мың адам жарықсыз қалды. Жергілікті энергетикалық компания тұрғындардан электр қуатын үнемдеуді сұрады.

Тіпті асфальт ери бастаған

Нью-Йоркте аптаптың қатты болғаны сонша, Манхэттен көшелерінде жаяу жүргіншілердің аяқкиімінің табаны жол жабынына жабысып қалған.

Соған қарамастан, адамдар көпшілік іс-шараларға, оның ішінде ірі қоғамдық жиындарға жинала берген.

Аптап адам өміріне қауіпті болуы мүмкін

Синоптиктер мен билік өкілдері қазіргі аптап денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Америкалықтарға суды көбірек ішуге, көлеңкеде жүруге және ағзаның қызып кету белгілеріне мұқият қарауға кеңес берілді.

Ыстыққа байланысты Филадельфия, Нью-Джерси, Бостон және басқа да қалаларда мерекелік іс-шаралар тоқтатылды немесе кейінге қалдырылды.

Мысалы, Филадельфияда ауа температурасы 39,4 градусқа жетіп, 1901 жылғы рекорд қайталанғаннан кейін басты шерулердің бірі өтпей қалды.