Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев үкім жарияланғаннан кейін бір тәулік өтпей жатып жұрт алдына шықты. 3 шілдеде кешке ол Қырғыз премьер-лигасындағы «Мұрас Юнайтед» пен «Азиягол» командаларының матчінде көзге түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
VIP-мінберге шықты
Ойын Манас қаласындағы «Құрманбек» стадионында өтті. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрларда Тәшиев VIP-мінберге өтіп бара жатқанын көруге болады.
Матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Сот қандай шешім шығарды?
Бір күн бұрын, 2 шілдеде Бішкектің Бірінші май аудандық соты «75-тің хаты» деп аталатын іс бойынша үкім шығарған.
Сот Тәшиевті кінәлі деп танып, мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда оған үш жылдық пробациялық бақылау белгіленді. Сондықтан ол жазасын колонияда өтемейді.
Ал лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша тағылған айыптан ақталды.
Оның қорғаушылары үкімге шағымданатынын мәлімдеді.
Сотталды, бірақ колонияға жіберілген жоқ
Бұл іс бойынша сегіз адам жауапқа тартылған. Олардың бәріне мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Дегенмен бәрінің түрме жазасы пробациялық бақылауға ауыстырылды.
Қамауда отырған бес адам сот залынан босатылды.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы айыпталушыларға тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
«75-тің хаты» деген не?
Қылмыстық іс бір топ саясаткер мен қоғам қайраткерінің мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу және қазіргі мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтату туралы үндеуіне байланысты қозғалған.
Іске қатысы бар адамдар өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.