Алматылықтардан сел қаупіне байланысты тауға шықпау сұралды

Ulysmedia
әкімдік

Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына таудағы ауа райына қатысты тағы да ескерту жасалды. ТЖД сел жүруі мүмкін екенін айтып, уақытша тауға шықпауға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

ТЖД мәліметінше, 4 шілдеде Алматыда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сондай-ақ, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жететін қатты жел күтіледі.

Іле Алатауының таулы аймақтарында, әсіресе Медеу және Бостандық аудандарында жағдай күрделірек болады. Синоптиктер мұнда қатты жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ және секундына 23-28 метрге дейін күшейетін жел болады деп болжайды.

Сел жүруі мүмкін

Қатты жауын-шашынға байланысты 4-5 шілде күндері таулы аймақтарда сел жүру қаупі жоғары болып отыр.

ТЖД алматылықтардан бұл уақытта тауға шықпауды және қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.

Тұрғындарға көліктерін ағаштардың астына қоймау, дұрыс бекітілмеген құрылымдардан аулақ жүру және төтенше жағдайлар қызметінің хабарламаларын мұқият қадағалау ұсынылады.

Контекст

Кейінгі күндері Алматы облысында гидрологиялық жағдай күрделі болып тұр. Қатты жаңбырдан кейін өңірдегі өзендерде су деңгейі көтерілген.

Бұған дейін құтқарушылар Түрген маңынан туристерді эвакуациялаған еді.

Қарасай ауданында Ақсай өзенінің жағасы шайылып, топырақ опырылғаннан кейін төтенше жағдай режимі енгізілді.

Кейін Алматыда да сел қаупіне байланысты Наурызбай ауданы тұрғындары алдын ала эвакуацияланған болатын.