«Қандастарға неге берілмейді?»: қоғам белсенділері ресейлік блогерге азаматтық беру тәртібін тексеруді талап етті

Ulysmedia
Видео кадры

Танымал тревел-блогер Иван Червинский Қазақстан азаматтығын алғанын мәлімдеп, бұл жаңалығын әлеуметтік желіде бөлісті. Алайда бұл оқиға желіде қызу талқыланып, жұрт арасында қандастардың азаматтық алуына қатысты сұрақтарды қайта көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Блогер әлеуметтік желіде видео жариялап, онда «Сүйінші! Біз қазақпыз! Алға, Қазақстан!» деп жазған.

Қызу талқыға не әсер етті?

Желі қолданушылары бұл жазбаны бірден қызу талқылай бастады. Бірі Червинскийді Қазақстанды насихаттап жүрген блогер ретінде қолдаса, енді бірі бұл жағдайды қандастардың азаматтық алу мәселесімен салыстырып, билікке сұрақ қойды.

«Тәуекел» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов Иван Червинскийдің Қазақстан азаматтығын алуына қатысты пікір білдірді. Ол құзырлы органдар блогерге азаматтық қандай тәртіппен берілгенін тексеруі керек деп санайды. Оның айтуынша, елге оралған көптеген қандас ықтиярхат пен азаматтық алу мәселесінде қиындық көріп жүр. Сондықтан Ресейден келген блогердің аз уақытта Қазақстан төлқұжатын алуы қоғамда сұрақ тудырған.

– Қазақстанда бірнеше жылдан бері ықтиярхатпен жүрген, бірақ азаматтық ала алмай отырған Иран, Қытай, Ауғанстан, Өзбекстаннан келген қандас көп. Егер азаматтық заңсыз берілгені анықталса, бұл шешім қайта қаралып, оған жол бергендер жауапқа тартылуы керек, – деді ол.

Бурахан Дақановтың сөзінше, бұл бір адамға қарсылық емес, азаматтық беру тәртібіндегі әділдік мәселесі.

Ал бұрынғы мәжілісмен, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Иван Червинскийге қарсы емес екенін, керісінше оның Қазақстанды жақсы насихаттап жүргенін атап өтті. Дегенмен оның айтуынша, бұл жағдай қандастардың азаматтық алу мәселесімен салыстырғанда қоғамда орынды сұрақ туғызады.

– Иван елге шын қызмет етемін десе, келсін. Бірақ Ибрайларды да шеттетпейік. Қандастар да заңда қаралған жеңілдіктерін пайдаланып, уақытылы Қазақстан паспортын алуы керек, – дейді ол.

Оның пікірінше, мәселе бір адамның азаматтық алғанында емес, елге оралған қандастарға қойылатын талаптар мен шектеулердің қаншалық әділ екенінде.

Червинский кім?

Иван Червинский Санкт-Петербургте дүниеге келген. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, ел ішіндегі саяхат, тарих және мәдениетке арналған авторлық жобаларын дамыта бастады.

Оның ең танымал жобаларының бірі – «Алға Петербург». Кейін бұл жоба «Алға, Қазақстан» деген атаумен белгілі болды.

Бастапқыда бұл алаң Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын қолдайтын қауымдастық ретінде құрылған. Уақыт өте келе жобаның тақырыбы кеңейіп, Қазақстанға қатысты түрлі бағыттарды қамти бастады.

Қазір блогердің негізгі платформасы – YouTube, оның 440 мың оқырманы бар.

Червинский видеоларында Қазақстан өңірлеріне жасаған сапарлары туралы айтып, жергілікті дәстүрлерді, көрікті жерлерді көрсетеді және көрерменді елдің әр аймағындағы өмірмен таныстырады.

Ал Instagram-парақшасына шамамен 300 мың адам жазылған.