Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Израильдің өңірдегі әрекетіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі Израиль үкіметі «соғысқа тәуелді болып қалған» және Таяу Шығысты қайтадан қантөгіске итермелеуіне жол бермеу керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Анадолы мәліметінше, Ердоған бұл мәлімдемесін Ыстамбұлда Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен бірге өткізген баспасөз мәслихатында айтқан.
Ол Израиль күштері Газа секторындағы тұрғындарға қарсы «заңсыз әрі адамгершілікке жат» шабуылдарын тоқтатпай отырғанын айтты.
Түркия президентінің сөзінше, өңірдің қайтадан «оқ-дәрі мен қан иісіне тұншығуына» жол беруге болмайды.
Ердоған Түркия аймақтағы барлық халықтың, дініне қарамастан, бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүргенін қалайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, Ердоған ұзақ мерзімді шешім қабылдау үшін өңір елдерінің қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Израильмен арадағы шиеленіс
Түркия президенті Анкара Израильдің қол жеткізілген уағдаластықтарды бұзуға бағытталған әрекеттерін мұқият бақылап отырғанын да мәлімдеді.
Оның айтуынша, Израиль Ливан мен Сирияға соққы беруді, сондай-ақ, Газа секторындағы шабуылдарын тоқтатпай отыр.
Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас 2023 жылдың күзінде Газада соғыс басталғаннан кейін нашарлады.
Тіпті екі ел елшілерін кері шақырып, сауда байланыстарын тоқтатқан.