Маңғыстау облысында Бекет ата мешітіне жолға шыққан үш адам жоғалып кеткен. Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, полиция, авиация және арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Lada.kz мәліметінше, 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова 2 шілдеде мемлекеттік нөмірі 010 FZA 12 Great Wall көлігімен Бекет ата бағытына жолға шыққан.
Олар Бекет ата мешіті аумағынан WhatsApp арқылы видео жіберген. Содан кейін байланысқа шықпаған. Қазір олардың қайда екені белгісіз.
Іздеуге авиация қосылды
Полиция департаментінің мәліметінше, қазір ауқымды іздестіру шаралары жүріп жатыр. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, ТЖД бөлімшелері, «Охотзоопром» мамандары және басқа да бейінді қызметтер жұмылдырылған.
Аумақты шолып шығу үшін тікұшақтар, арнайы техника және қажетті құрал-жабдықтар тартылған. Іздеу бірден бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Жоғалғандарды іздеуге еріктілер де қосылған.