Алматы Орталық Азиядағы ең қымбат қала деп танылды

Ulysmedia
pixabay

Numbeo платформасы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша әлем қалаларындағы өмір сүру құны рейтингін жаңартты. Тізімге 547 қала енген, оның ішінде Қазақстанның екі ірі қаласы – Алматы мен Астана да бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Рейтинг қорытындысы бойынша Алматы 409-орынға, ал Астана 469-орынға жайғасты. Яғни платформа бағалауынша, Алматыда өмір сүру елордаға қарағанда қымбатырақ.

Рейтинг қалай жасалды?

Өмір сүру құны күнделікті шығындар негізінде есептелген. Оған азық-түлік, кафе мен мейрамханадағы тамақ, көлік, коммуналдық қызмет және басқа да күнделікті қажеттіліктер бағасы кірген.

Ал жылжымайтын мүлік сатып алу құны мен ипотека төлемдері есепке алынбаған.

Numbeo дерегінше, Алматыдағы өмір сүру құны индексі – 38,7 пункт. Астанада бұл көрсеткіш – 32,8.

Сондай-ақ, Алматы жалға берілетін тұрғын үй құнын қоса есептегендегі жалпы көрсеткіш бойынша да Астанадан алда тұр.

Орталық Азиядағы ең қымбат қала

Орталық Азия елдері арасында Алматы өмір сүру құны ең жоғары қала деп танылды. Екінші орында – Астана.

Одан кейін Ташкент, Бішкек және Душанбе орналасқан.

Рейтинг көшбасшылары

Әлемдегі ең қымбат қала деп Цюрих танылды. Ондағы өмір сүру құны индексі 123,1 пунктке жеткен.

Алғашқы бестікке Джорджтаун, Люцерн, Базель және Женева кірді.

Өмір сүру құны ең төмен қалалар Үндістанда тіркелген. Рейтингтің аяғында Коимбатур қаласы тұр.