5 шілдеде Астанада өткен дрон-шоу жұрт наразылығын тудырды. Мыңдаған адам мерекелік әсер сыйлайтын ауқымды жарық қойылымын көреміз деп барған. Алайда шоу небәрі сегіз минутқа созылып, оның едәуір бөлігі жарнама болып шыққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жұрт сегіз минуттық шоуды сағаттап күткен
Дрон-шоу туралы бұған дейін әлеуметтік желілер мен қала афишаларында кеңінен хабарланған. Ұйымдастырушылар жүздеген дрон аспанда Астанаға арналған ерекше бейнелер көрсететінін айтқан.
Сондықтан тұрғындар жағалауға шоу басталмай тұрып-ақ жинала бастаған. Көпшілік отбасымен, балаларымен келген.
– Бұл шоу емес, нағыз масқара болды. Адамдар қаланың әр түкпірінен арнайы келді. Бәрі мерекелік көңіл күй сезінгісі келді. Бірақ біз төрт-ақ бейне көрдік. Оның екеуі Иглесиастың, тағы бірі Freedom компаниясының жарнамасы болып шықты, – деп жазды ашынған желі қолданушылары.
Тағы бір тұрғын видеода туыстарының Атыраудан арнайы келгенін айтады.
– Адамдарды мазақ қылғандай болды. Кейбірі бұл шоуды төрт сағат күтті. Ал аяғында бір шетелдік әншінің жарнамасын көрсетті, кейін «Бәйтерек» шықты да, бәрі аяқталды, – дейді ол.
«Мұны кім мақұлдаған?»
Шоудан кейін жағалауда көлік кептелісі пайда болған. Мыңдаған адам бір мезетте үйлеріне қайтуға тырысқан.
Желі қолданушылары мерекелік шарада жарнама көрсетуге кім рұқсат бергенін және оған қанша қаражат жұмсалғанын сұрап жатыр.
– Алғаш рет балаларыммен мұндай шараға бардым. Кептеліс, адам көп, арбамен жүрген ата-аналар... Шоу сегіз минут-ақ, соның бес минуты жарнама болды. Мұндай шараны кім бекітті? – деп жазды тұрғындардың бірі.
Дрон-шоуды Aspan Galaxy компаниясы ұйымдастырған. Компания өкілдері шара барлық қажет келісімдерден кейін өткізілгенін және Астана күнінің ресми мерекелік бағдарламасына кірмегенін мәлімдеді.
Алайда бұл пікір жұрттың ашуын баса алмады. Көрермендер алдын ала оның жарнама қойылым болатынын білмегенін айтып отыр.
Контекст
Еске салайық, 6 шілдеде Қазақстанда Астана күні атап өтіледі.