Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3,3 мыңнан асты

Ulysmedia
Reuters

24 маусымда Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны артты. Кейінгі ресми мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан 3342 адам көз жұмған. Тағы 16 740 адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жаңартылған деректерді Ұлттық ассамблея спикері Хорхе Родригес жариялады. Бұған дейінгі мәліметпен салыстырғанда қаза тапқандар саны тағы 388 адамға көбейген.

Ал үйінді астынан құтқарылғандар саны өзгеріссіз қалды. Құтқарушылар 6462 адамды аман алып шыққан.

Мыңдаған адам баспанасыз қалды

Ресми ақпаратқа сәйкес, 86 794 отбасы көмек алған. Жер сілкінісінен кейін 17 345 адам баспанасыз отыр.

Зардап шеккендер үшін 79 уақытша лагерь ашылған. Апат аймақтарына 9585 тоннадан астам азық-түлік пен 669 мың литрден көп ауыз су жеткізілді.

Жүздеген ғимарат қирады

Зілзала ел инфрақұрылымына ауыр соққы болды. 856 ғимарат зақымданған, соның 190-ы толық қираған.

24 маусымда магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі тіркелген еді. Содан бері мамандар 995 афтершокты есепке алған.

Билік халықаралық көмекке үміт артып отыр

Экономист Мануэль Шутерландтың айтуынша, Венесуэлада мұндай ауқымды апаттан кейін елді қалпына келтіруге жеткілікті қаржы қоры жоқтың қасы.

Оның пікірінше, ірі халықаралық гуманитарлық көмек болмаса, елге жер сілкінісінің салдарын еңсеру өте қиын болады.

Бұған дейін табиғи апаттан кейін 50 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында екені хабарланған еді.

Бұл жер сілкіністері Венесуэлада кейінгі жүз жылдан астам уақыттағы ең қуатты зілзалалар болды.