Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдан кейін Қазақстанда жанармай тапшылығы болуы мүмкін

Ulysmedia
Pixabay.com

Ресейдің Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылдары Орталық Азия елдерінде биыл күзде жанармай тапшылығына әкелуі мүмкін. Мұндай болжамды мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сарапшының пікірінше, оның салдарын тек көлік жүргізушілері емес, басқа салалар да сезінуі мүмкін.

– Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл күзде Орталық Азияда жанармай тапшылығына, азық-түлік бағасының, шетелдік әуе сапарлары құнының және өзге де қызметтердің қымбаттауына әкеледі, – дейді сарапшы.

Олжас Байділдинов жанармай дағдарысы туралы сөз болғанда көбіне мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар айтылатынын, алайда мұнай базаларына жасалған соққылардың да салдары кем емес екенін атап өтті. Өйткені бұл жанармай жеткізу тізбегін бұзады.

– Мұнай базаларына жасалған шабуылдар – «кен орны – мұнай өңдеу зауыты – мұнай базасы – жанармай құю бекеті» логистикалық тізбегіне жасалған соққы. Мұндай мәселені жедел немесе қолмен басқару арқылы шешу мүмкін емес. Зақымданған мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларын қалпына келтіруге әртүрлі бағалаулар бойынша кемінде екі жыл қажет болуы мүмкін, – деп жазды Олжас Байділдинов.

Сарапшының айтуына қарағанда, Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары қазірдің өзінде барынша жоғары жүктемемен жұмыс істеп тұр. Сондықтан елде жанармай тапшылығы туындаған жағдайда, оның орны әдетте Ресейден импортталатын жанармаймен толтырылады. Алайда Ресейдегі мұнай өнімдерін өндіру мен тасымалдау жүйесінде қиындықтар сақталса, бұл Қазақстан нарығына да әсер етіп, жанармай тапшылығы мен бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін.

КОНТЕКСТ

Омбы мұнай өңдеу зауыты осы уақытқа дейін Украина дрондарының шабуылына ұшырамаған Ресейдегі санаулы ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі болып келген.

6 шілде күні таңертең Украина қарулы күштері бас штабы украин әскері Украина шекарасынан шамамен 2,5 мың шақырым қашықтықта орналасқан кәсіпорынға алғаш рет соққы жасағанын мәлімдеді.

Украина тарапының мәліметінше, жылына 8,4 миллион тонна мұнай өңдейтін ЭЛОУ-АВТ-11 алғашқы мұнай өңдеу қондырғысы зақымданып, зауыт аумағында өрт шыққан.

Ресей билігі дрон шабуылын растады және олардың басым бөлігі әуе қорғанысы жүйелері арқылы атып түсірілгенін хабарлады.

Омбы мұнай өңдеу зауыты Ресейдегі негізгі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады. Оның жылдық өндірістік қуаты 21 миллион тоннадан асады. Зауытта автомобиль бензині, дизель отыны және авиациялық керосин өндіріледі.