Сыйақылар мен бонустар ысырап емес пе? QazaqGaz басшысы жауап берді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов басқарма мүшелеріне төленетін сыйақылар мен бонустарды қысқартуға негіз жоқ деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, барлық төлем бекітілген корпоративтік ережелерге сәйкес жүргізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Ulysmedia.kz тілшісінің басқарма мүшелеріне төленетін премиялар мен бонустардың орындығына қатысты сауалына жауап берді.

Оның айтуынша, компаниядағы сыйақылар мен бонустар «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік талаптарына сәйкес төленеді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Премиялар мен бонустар корпоративтік ережелерге, «Самұрық-Қазынаның» бекітілген қағидаларына сәйкес төленеді. Бірақ біздің QazaqGaz-тағы премиялар мен бонустар аса үлкен емес. Менің ойымша, басқарма мүшелеріне мұндай сыйақы төлеуге болады. Себебі олар үлкен жұмыс атқарып, нақты нәтиже көрсетеді. Сондықтан бұл премиялар мен бонустар төленуі керек деп есептеймін, – деді Әлібек Жамауов.

Сонымен қатар ол биылғы бонустардың нақты мөлшері әзірше белгіленбегенін айтты.

– Әлі де рәсімдер жүріп жатыр. Бонустардың деңгейі әлі белгісіз, – деді компания басшысы.

КОНТЕКСТ

2026 жылдың көктемінде Жоғары аудиторлық палата ұлттық компанияның еншілес ұйымдарында аудит жүргізе бастады. Тексеру барысында, соның ішінде, «Интергаз Орталық Азия» компаниясының бұрынғы басшылығына төленген бонустардың заңдылығы назарға алынды. Аудиторлар «Самұрық-Қазына» бекіткен ең жоғары шек 24 айлық жалақы болғанына қарамастан, бұрынғы басшыларға 36 айлық жалақы көлемінде бонус төленуі мүмкін деген деректі тексеріп жатыр. Аудиттің ресми қорытындысы әзірше жарияланған жоқ.