Қазақстан Қырғызстанға бензин жеткізу мәселесіне қатысты пікір білдірді

Ulysmedia
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Қазақстан Қырғызстанның бензин жеткізу туралы өтінішіне қатысты ұстанымын айтты. Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, Бішкектен ресми сұраныс келіп түскен және қазір қаралып жатыр. Ал Ресей тарапынан мұндай өтініш түспеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Энергетика министрлігі Қырғызстаннан бензин жеткізуге қатысты ресми сұраныс түскенін растады.

– Ресми сұраныс тек Қырғызстан тарапынан келіп түсті. Қазір оны қарап жатырмыз. Барлық шешім Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып қабылданады, – деді Үкіметтегі брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.

Сондай-ақ министрлік сала сарапшыларының жанар-жағармай бағасы қымбаттауы мүмкін деген болжамымен келіспейтінін айтты.

– Жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермейміз. Сондықтан Қырғызстанның өтініші жан-жақты зерделенеді. Осыдан кейін ресми жауап беріледі. Қазір жанармай бағасын көтеру мәселесі күн тәртібінде жоқ, – деп қосты вице-министр.

КОНТЕКСТ

Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдардан кейін елде жанармай тапшылығы байқалып отыр.

Жуырда Reuters агенттігі Қазақстан Ресейге бензин жеткізуге дайын екенін хабарлаған еді. Алайда Энергетика министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, мұндай өтініш түскен күннің өзінде, жеткізу тек артық жанармай қоры болған жағдайда және ішкі нарыққа зиян келтірмейтіндей деңгейде ғана қарастырылуы мүмкін.

Жанармай тапшылығы Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға 90 пайыздан астам тәуелді Қырғызстанға да әсер етіп отыр. Шілде айының басында Бішкек Қазақстанға, Ресейге, Беларуське, Әзербайжанға, Өзбекстанға және Түрікменстанға ресми сұраныс жолдағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Қырғызстан билігі «Жунда» мұнай өңдеу зауытында бензин өндірісін ұлғайтуды және жанар-жағармай қорының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.