Қазақстан АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары кезінде Бендер-Аббас портындағы Қазақстан тарабына логистикалық терминал салу үшін берілген аумаққа зақым келгені туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade мәліметінше, Қазақстанға берілген аумаққа ешқандай залал келмеген.
– Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан жалға алған аумақта әуе соққылары жасалған жоқ, – деп нақтылады QazTrade өкілдері.
Бұған дейін Қазақстан мен Иран Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу бойынша BOT келісіміне қол қойған болатын.
Жер учаскесі Қазақстанға 27 жыл мерзімге берілген. Оның екі жылы құрылысқа, ал кейінгі 25 жылы терминалды пайдалануға арналған.
Жоба «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытудағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Ол Қазақстанға Парсы шығанағы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Шығыс Африка елдерінің нарықтарына шығуға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
АҚШ-ТЫҢ ИРАНҒА ЖАСАҒАН СОҚҚЫЛАРЫ
АҚШ әскері Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдардан кейін Иран аумағындағы нысандарға бірнеше соққы жасаған.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары Бендер-Аббас қаласында, сондай-ақ Харг және Кешм аралдарында, Сирик қаласында жарылыстар болғанын хабарлаған.