Құрылтай сайлауы: сауалнама мен exit poll жүргізуге 5 ұйым өтініш берді

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Орталық сайлау комиссиясына Құрылтай сайлауына байланысты қоғамдық пікірге сауал жүргізу және exit poll өткізу туралы 5 заңды тұлғадан хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

ОСК мәліметінше, ұйымдар сауалнама жүргізу әдістері мен тиісті құжаттардың көшірмелерін ұсынған.

Сауалнама өткізуді жоспарлаған ұйымдар:

  • «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС – жаппай сауалнама, фокус-топтық пікірталас, сараптамалық сауалнама, жедел сауалнама және exit poll әдістерін қолданады;
  • «DATAMETRICS» ЖШС – бетпе-бет сұхбат жүргізеді;
  • «Қоғамдық саясат институты» жеке меншік мекемесі – бетпе-бет сұхбат, телефон арқылы сауалнама, интернет-сауалнама және exit poll өткізеді;
  •  «Институт комплексных социальных исследований – Астана» жеке қоры – дауыс беру орындарынан тыс жеке сауалнама, үздіксіз ағын әдісімен exit poll, жеке сұхбат және әлеуметтік желілер мен электронды тарату құралдары арқылы қашықтан сауалнама жүргізеді;
  • «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ – бетпе-бет сұхбат, телефон арқылы сауалнама және exit poll әдістерін пайдаланады.

Заңнамаға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікір сауалдарының нәтижелерін жариялаған кезде зерттеу жүргізген ұйымды, тапсырыс берушіні, сауалнама уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, қатысушылар санын және қателік коэффициентін көрсетуге тиіс.

КІМДЕР САУАЛНАМА ЖҮРГІЗЕ АЛАДЫ?

Қоғамдық пікірге сауал жүргізуге Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген және бұл бағытта кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана құқылы. Олар Орталық сайлау комиссиясына алдын ала хабарлама жіберіп, сауалнамаға қатысатын мамандар, зерттеу жүргізілетін өңірлер және қолданылатын әдістер туралы ақпарат ұсынуы керек.

Сонымен қатар дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес күн ішінде және сайлау күні қоғамдық пікір сауалдарының нәтижелерін, сайлауға қатысты зерттеулер мен кандидаттар немесе саяси партияларды қолдау көрсеткіштерінің болжамдарын жариялауға тыйым салынады.

Сайлау күні дауыс беру орындарында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге болмайды. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.