Атыраудағы қырғын: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына соттауды сұрады

Ulysmedia
Ulysmedia

Атырау облысында Жангелдин ауылында төрт адамның өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Прокурор айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ПРОКУРОР ЕҢ ҚАТАҢ ЖАЗА СҰРАДЫ

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Сәрсемәлиевті тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Негізгі айып – екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен, пайдакүнемдік мақсатта және ауырлататын мән-жайлармен өлтіру.

Сонымен қатар іс бойынша басқа да эпизодтар бар. Атап айтқанда, ірі көлемдегі ұрлық үшін – 6 жыл бас бостандығынан айыру, алаяқтық үшін тағы 6 жыл, мал ұрлығы үшін 4 жыл жаза тағайындау ұсынылды. Сондай-ақ құжаттарды заңсыз иемдену, жою және жасыру әрекеті үшін 60 АЕК көлемінде айыппұл салу сұралған.

Алайда барлық айыпты ескере отырып, прокуратура түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады. Жазаны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеу ұсынылды.

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың көктемінде Сұлтан Сәрсемәлиев әуелі жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген.

Кейін бұл қылмысты жасыру мақсатында әйелінің ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Үтешқалиеваны, сондай-ақ оның әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген.

Сот процесі барысында Сәрсемәлиев төрт адамның да өліміне себеп болған жарақаттарды өзі салғанын мойындаған.

Қылмыстан кейін ер адам Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдеп, оның атынан туыстарымен хат алмасқан. Кейін Меккеге барғанын айтып, ол жерде «күнәлары үшін Құдайдан кешірім сұрағысы келгенін» жеткізген.

Одан кейін іздеуде жүргенін біле тұра, әйелі Ақбаянмен бірге Бали аралына барған.

Айыпталушы сотта қылмысқа әйелінің туыстарымен ұзақ уақытқа созылған жанжал себеп болғанын айтқан. Оның сөзінше, Ақбаянның ата-анасы олардың отбасын және бес баласын ажыратуға тырысқан. Сәрсемәлиев осы жағдайды қылмысқа себеп болған негізгі фактор ретінде атаған.