Ақтаудағы дәмханада келушінің бетіне оқ атқан күдікті ұсталды

Ulysmedia
Видеодан алынған скрин

Желіде Ақтаудағы дәмханалардың бірінде болған шабуылдың видеосы тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Жазба әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Көпшілік шабуыл жасаған адам атыс қаруын қолданған деп топшылаған. Алайда Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, ер адам «Аңшы сигналы» деп аталатын дыбыс беретін іске қосу құрылғысын пайдаланған.

Полицияның мәліметінше, оқиға 8 шілде күні Ақтаудағы дәмханалардың бірінде болған.

– Оқиғадан кейін олардың біреуі «Аңшы сигналы» іске қосу құрылғысын қолданып, ер адамның бет жарақатын алуына себеп болған, – деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаменті.

БЕТІНЕ ТУРА АТҚАН

Жарияланған кадрлардан ер адамның дәмхананың жазғы алаңына кіріп, айналаны шолып шығып, үстелдердің біріне жақындағаны көруге болады. Ол сөмкесінен құрылғыны алып, отырған келушінің бетіне бағыттайды. Қатты дыбыс шыққаннан кейін жәбірленуші бетін ұстап, диванға құлап түседі.

– Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жедел анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді полиция өкілдері.

Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетілген. Полицияның мәліметінше, дәрігерлер тексергеннен кейін ол үйіне жіберілген. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.