Күйеуім пара бермегені үшін қамауға алынды - қазақстандық кәсіпкердің әйелі

Ulysmedia
ашық дереккөз

Қазақстандық әйел видеоүндеу жариялап, онда күйеуі, кәсіпкер Ерлан Боқышевтің Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлеріне пара беруден бас тартқаннан кейін тоғыз айдан бері қамауда отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әйелдің айтуынша, былтыр жазда күйеуі Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті тергеушісі пара талап етті деп, ҰҚК департаментіне арызданған. Кейін сот департаменттің екі қызметкерін кінәлі деп таныған.

Алайда Боқышевтің жұбайы қазір кәсіпкерге қатысты қозғалып жатқан қылмыстық істі қолдан жасалған деп есептейді.

– Күйеуім 50 миллион теңге көлеміндегі параны беруден бас тартты. Қазір тоғыз айдан бері тергеу изоляторында отыр. Меніңше, осы арыздан кейін экономикалық дергеу департаменті мен Қаржылық мониторинг агенттігі күйеуімнен кек алып, оған қатысты қылмыстық істерді қолдан жасап жатыр. Адвокаттардың құқықтық көмек көрсетуіне кедергі келтіруде. Тәуелсіз сараптама жүргізуге рұқсат бермейді. Сотқа дейінгі тергеу айыптау бағытымен жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Кәсіпкерге қылмыстық істің 45 томымен танысу керек болған. Қазір материалдар 51 томға жеткен. Әйел қосымша алты томның қайдан пайда болғанын түсінбейт отыр.

Оның сөзінше, ең қызығы – тергеу аясында Ерлан Боқышевтің адвокаты мен серіктестері де күдікке ілінген. Кәсіпкердің әйелі қоғамнан қолдау сұрады.

ДЕПАРТАМЕНТ ТЕРГЕУШІЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ СОт

Бұған дейін бұл іс туралы жазған едік. Дәл Ерлан Боқышев 2025 жылы Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің пара талап еткені туралы ҰҚК-ге арызданған.

2026 жылдың мамырында сот бұрынғы аға тергеуші Ермек Махамбетовті пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал ақшаны беру кезінде делдал болған деп танылған Операциялық басқарма бастығының бұрынғы орынбасары Дәулет Сарин екі жылға қамалды.

Қазір Ерлан Боқышев басқа қылмыстық іс бойынша қамауда отыр. Оның жұбайы кәсіпкерге қатысты қудалау пара беруден бас тартып, құқық қорғау органдарына арызданғаны үшін жасалып отыр деп мәлімдейді.