Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сәрсемәлиев соттан 25 жыл жаза сұрады

Ulysmedia
Ulysmedia

Атырауда төрт адамның қазасына байланысты сот алдында жауап беріп жатқан Сұлтан Сәрсемәлиев соңғы сөзінде өзіне тағылған айыптарды мойындайтынын айтып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасының орнына 25 жыл мерзімге соттауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Сот отырысында айыпталушы жасаған ісіне өкініш білдіріп, жағдайдың мұндай қайғылы салдарға әкелетінін алдын ала болжамағанын айтты.

– Ешкім адамнан айуан болып тумайды. Отбасымды сақтап қалу үшін жасаған әрекеттерім уақыт өте күрделеніп, ақыры осы қанды қасіретке әкелетінін ойлаған жоқпын. Темірді өз тоты, ал адамды ішіндегі уайымы мен кегі жейді. 13 эпизодтың барлығын мойындаймын, таласым жоқ. Мемлекет пен Құдайдың алдында ғана жауап беремін, – деді Сұлтан Сәрсемәлиев.

Ол соттан өзіне ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру емес, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды өтінді.

Іс бойынша сот үкімі кейін жарияланады.

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың көктемінде Сұлтан Сәрсемәлиев әуелі жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген.

Кейін бұл қылмысты жасыру мақсатында әйелінің ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Үтешқалиеваны, сондай-ақ оның әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген.

Сот процесі барысында Сәрсемәлиев төрт адамның да өліміне себеп болған жарақаттарды өзі салғанын мойындаған.

Қылмыстан кейін ер адам Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдеп, оның атынан туыстарымен хат алмасқан. Кейін Меккеге барғанын айтып, ол жерде «күнәлары үшін Құдайдан кешірім сұрағысы келгенін» жеткізген.

Одан кейін іздеуде жүргенін біле тұра, әйелі Ақбаянмен бірге Бали аралына барған.

Айыпталушы сотта қылмысқа әйелінің туыстарымен ұзақ уақытқа созылған жанжал себеп болғанын айтқан. Оның сөзінше, Ақбаянның ата-анасы олардың отбасын және бес баласын ажыратуға тырысқан. Сәрсемәлиев осы жағдайды қылмысқа себеп болған негізгі фактор ретінде атаған.

БҰҒАН ДЕЙІН

 Еске салайық, бұған дейін прокурор айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сондай-ақ Сәрсемәлиевтің әйеліне қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаны белгілі болды.