Маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бензин бағасының жылдық өсімі 15,6%-ға жетті. Салыстыру үшін, 2025 жылдың маусымында бензин бір жыл ішінде 4,2%-ға қымбаттаған еді. Яғни жанармай бағасының өсу қарқыны шамамен төрт есеге жеделдеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Energyprom.kz сарапшыларының есептеуінше, бір ай ішінде жанармай құны 1,1% өскен. Ал жылдық көрсеткіш бойынша бензин кейінгі он жыл ішінде бұрын-соңды болмаған деңгейде қымбаттап отыр.
Бұған дейінгі ең жоғары өсім 2016 және 2021 жылдары тіркелген. Ол кезде жанармай бағасы 13,6% көтерілген еді.
Кейінгі бір жылда ең көп қымбаттағаны — АИ-95 бензині. Оның бағасы 17,5% өскен. АИ-92 маркалы бензин 15,2%, ал АИ-98 бензині 14,1% қымбаттаған.
— Бөлшек саудада ең қолжетімді отын түрі — АИ-92 бензині. 2026 жылдың мамыр айында Қазақстан бойынша оның бір литрінің орташа бағасы 236 теңге болды. Ірі қалалар арасында ең төмен баға Атырау (219 теңге), Орал (223 теңге) және Ақтөбеде (225 теңге) тіркелді. Ең жоғары баға Алматы мен Талдықорғанда болды — әр литрі 241 теңгеден сатылды, — деп жазды Energyprom.
БЕНЗИН ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ ҚЫМБАТТАДЫ?
Жылдық есепте бензин бағасы ең көп өскен өңір — Павлодар облысы. Мұнда жанармай 25,1% қымбаттаған.
Одан кейін Астана (+18,9%), Маңғыстау (+16,4%) және Қызылорда (+16,1%) облыстары тұр.
Алматыдағы жанармай бекеттерінде баға 16%, Шымкентте 14,4% өскен.
Баға өсімі ең төмен өңірлер — еліміздің батысы мен солтүстігі. Солтүстік Қазақстан облысында бензин 12,4%, Батыс Қазақстан облысында 12,6%, Ақтөбе облысында 13,1% қымбаттаған.
ЖАНАРМАЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Қазір Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты толықтай дерлік қамтамасыз етіп отыр. Бір жыл ішінде импорттық бензин көлемі 20,9% азайып, 133,4 тоннаға дейін төмендеген.
Салыстыру үшін, ел ішінде шамамен 2 млн тонна жанармай сатылған.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Қазақстанда бензин өндірісі 2,5 млн тоннаға жеткен.