Санжар Боқаев тамыздың ортасына дейін қамауда отырады

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев 18 тамызға дейін қамауда болады. Мұндай шешімді Алматының тергеу соты қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ ШЕШІМІ

Боқаевқа қатысты бұлтартпау шарасын ұзарту туралы оның адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді.

– Бүгін, өкінішке қарай, тергеу соты қорғауымыздағы азамат Санжар Боқаевты қамауда ұстау мерзімін тағы да 2026 жылдың 18 тамызына дейін ұзартты, – деді адвокат.

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

Санжар Боқаев наурыз айында ұсталған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыруға, құрылыс нысандарындағы ұрлықтарға қатысы болуы мүмкін. Сондай-ақ оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдік тағылып отыр.

Маусым айында тергеу соты қоғамдық белсендіге қатысты қамау мерзімін 18 шілдеге дейін ұзартқан еді. Сол кезде сот қорғау тарапының бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

Бұған дейін Ахиддин Хамракуловтың қатысуымен тараған видеолар қоғам назарын аударған еді. Бастапқыда ол Боқаевқа қарсы куәлік беру үшін қысым жасалып, күш қолданылғанын мәлімдеген. Кейін Хамракулов бұл сөздерінен бас тартып, видеоларға Санжар Боқаевтың өтінішімен қатысқанын айтты.