«Әділет» Құрылтайға журналистер мен медиа өкілдерін ұсынды: тізімде кімдер бар

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

«Әділет» партиясының кезектен тыс өткен III съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

186 КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ

Партияның мәліметінше, тізімге барлығы 186 кандидат енген. Олардың қатарында ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық технология, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам саласының өкілдері бар.

МЕДИА САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ДЕ БАР

Құрылтай депутаттығына ұсынылғандардың арасында журналистер мен медиа саласының танымал өкілдері де бар. Атап айтқанда, тележүргізушілер Армангүл Тоқтамұрат, Ирина Тен, журналистер Ульяна Әшімова, Максим Рожин, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Әділ Балтабаев, «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова және медиа-менеджер Раушан Қажыбаева партиялық тізімге енді.

ТІЗІМНІҢ ШАМАМЕН 39 ПАЙЫЗЫ – ӘЙЕЛДЕР

Жалпы партия ұсынған 186 кандидаттың 72-сі – әйелдер. Осылайша, әйелдердің үлесі кандидаттар тізімінің шамамен 39 пайыз болды.

Кандидаттар қатарында Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрайымы Наталья Годунова, «Самұрық-Энерго» директорлар кеңесінің мүшесі Гүлназ Атамқұлова, қаржы вице-министрі қызметін атқарған Татьяна Савельева, прокурор Айжан Аймағанова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, сондай-ақ Мәжілістің бұрынғы депутаттары Снежанна Имашева, Юлия Кучинская, Екатерина Смышляева, Жұлдыз Сүлейменова және Үнзила Шапақ бар.