«Әділет» партиясы саяси кеңес бюросының мүшесі Рауан Кенжеханұлы партияның неге Amanat ресурсына сүйеніп отырғаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, «Әділет» партиясы ешқандай дайын құрылымның негізінде емес, азаматтардың бастамасымен және заң талаптарына сай нөлден құрылған.
– Партияның не үшін құрылып жатқаны, қандай мақсат көздейтіні ашық жарияланды. Осы жоспарымызды қолдаған саяси және қоғамдық ұйымдар бізге қосылды. Соның ішінде «Amanat» партиясы да бізбен бірігуге ниет білдірді, – деді Рауан Кенжеханұлы.
Ол Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру жолында күш біріктіру туралы үндеуін еске салып, осы бастамаға қолдау білдірген «Amanat»-қа қарсы болуға негіз жоқ екенін айтты.
Сондай-ақ оның сөзінше, екі саяси күштің бірігуі елдегі саяси кеңістіктің өзгеруіне ықпал еткен.
– Қысқа уақыт ішінде осы бірігудің нәтижесінде Қазақстандағы саяси алаң айтарлықтай өзгерді. Жаңа көзқарас, жаңа ұстаным, жаңа жоспар қалыптасты. Ал сол жоспарларды жүзеге асыру үшін «Amanat» партиясының жинақтаған ресурстары мен мүмкіндіктері бізге жылдамырақ жұмыс істеуге көмектессе, оған неге қарсы болуымыз керек?, – деді ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
«Әділет» партиясының кезектен тыс өткен III съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.
Партияның мәліметінше, тізімге барлығы 186 кандидат енген. Олардың қатарында ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық технология, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам саласының өкілдері бар.