Қазақстан азаматтары маусым айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 84,7 млрд теңге зейнетақы жинағын алды. Қаражат негізінен «Отбасы банктегі» депозиттерді толықтыруға және тұрғын үй сатып алуға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮЛГЕРІП ҚАЛУҒА ТЫРЫСТЫ
Бірінші кредиттік бюроның есептеуінше, жарты жыл ішінде БЖЗҚ-дан алынған барлық қаражаттың тең жартысы мамыр мен маусым айларына тиесілі. Атап айтқанда, бұл екі айда 202,5 млрд теңге шешілген. Ал алты айдағы жалпы сома 407,5 млрд теңге болды.
Бұл ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілуіне байланысты болуы мүмкін. Бірінші кредиттік бюро мамандарының пайымдауынша, қаражаттың басым бөлігін жаңа талаптар күшіне енгенге дейін зейнетақы жинағын пайдалануға асыққан салымшылар алған.
БЖЗҚ қанша салымшының зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігінен айырылғанын нақтылаған жоқ. Дегенмен олардың саны аз емес екені байқалады. Көпшілік бұл мүмкіндікті соңғы сәтте пайдаланып үлгерген сияқты.
— Маусым айындағы жоғары көрсеткіштер жаңа шектер енгізілгенге дейін зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі болған салымшылардың өтініштері есебінен қалыптасуы мүмкін. БЖЗҚ өтініштерді орындауға бес жұмыс күніне дейін уақыт берілгендіктен, маусым айында қор мамыр айының соңғы күндерінде түскен өтініштерді де қарады, — дейді сарапшылар.
АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ?
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қаражаттың басым бөлігі қазақстандықтардың «Отбасы банктегі» депозиттерін толықтыруға жұмсалды. Бұл мақсатқа 40,4 млрд теңге бағытталған.
Екінші орында тұрғын үй сатып алу тұр — оған 25,1 млрд теңге жұмсалған. Ал үшінші орында ипотекалық қарызды ішінара өтеу — 13,8 млрд теңге.