Еділ Жаңбыршин еркіндік туралы жазба жариялап, оқырмандарын ойландырып қойды

Ulysmedia
t.me/mazhilis_kz

Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желідегі парақшасында еркіндік ұғымының мәні туралы жазба жариялап, оқырмандарын ойландырып қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол жазбасында Мигель де Сервантестің әйгілі «Дон Кихот» шығармасындағы еркіндікке қатысты үзіндіні келтірген.

«Еркіндік, Санчо, – адамға Жаратқанның берген ең қымбат сыйларының бірі. Онымен жердің қойнауындағы да, теңіздің түбіндегі де ешбір қазына теңесе алмайды. Еркіндік үшін де, ар-намыс үшін де адам қажет болса өмірін қатерге тігуі тиіс. Ал құлдық – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет», – делінген шығарма үзіндісінде.

Оқырмандар не дейді?

Желі қолданушылары Еділ Жаңбыршиннің бұл жазбасына түрлі пікір білдірген: «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар деген дана сөз бар. Ел үшін атқарған еңбегіңіз ел жадында. Алдағы уақытта да халықтың аманатын абыроймен арқалап, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз еселене берсін. Қай істе де мерейіңіз үстем, абыройыңыз биік болғай!» «Шындық - ащы ғой. Шындықты айтқан ешкімге жақпайды. Ел үшін көөөп жұмыс жасадыңыз, әлі де жасайсыз», «Еркіндік ешқашан сыйлық болған емес. Ол қашан да жоғары бағамен төленді - еңбек, батылдық, бірлік, жауапкершілік».

Контекст

Еске салайық,  Парламент 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өкілеттігін тоқтатты. Яғни жаңа Конституция күшіне енген күннен бастап 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған қос палаталы Парламенттің өкілеттігі аяқталды. Оның орнына бір палаталы Құрылтай құрылады.

Еділ Жаңбыршин туралы не белгілі? 

Еділ Жаңбыршин - қазақстандық саясаткер, Мәжілістің VIII шақырылым депутаты. Ол 1966 жылы 23 наурызда бұрынғы Гурьев облысында дүниеге келген. Мамандығы бойынша техника саласының маманы, техника ғылымдарының докторы.

Бұған дейін Ақтау қаласының әкімі болған. 2021 жылдан бері Мәжіліс депутаты ретінде қызмет атқарып келді.

Еділ Жаңбыршин Парламентте әсіресе экология, табиғатты қорғау, инфрақұрылым және бюджет қаражатының жұмсалуы секілді мәселелер бойынша пікір білдіріп жүрген депутат ретінде белгілі.