Apple компаниясы OpenAI-ға және өзінің бұрынғы екі қызметкеріне қарсы сотқа шағым түсірді. Корпорация олардың жасанды интеллекті бар жаңа құрылғылар әзірлеу кезінде Apple-дің құпия әзірлемелерін заңсыз пайдаланғанын алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Apple неге шағым түсірді?
Шағым Калифорнияның Солтүстік округіндегі федерал сотқа берілген. Apple-дің нұсқасына сәйкес, OpenAI бұрынғы қызметкерлерді жұмысқа алу, мамандарды белсенді түрде тарту және жеткізушілермен байланыс орнату арқылы жабық ақпаратқа қол жеткізу жүйесін құрған болуы мүмкін.
Apple мұның OpenAI-ға өз тұтынушылық құрылғыларын әзірлеуді жеделдетуге көмектесті деп есептейді.
OpenAI бұл айыптауларды жоққа шығарды.
«Бізді басқа компаниялардың коммерциялық құпиялары қызықтырмайды. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға көмектесетін технологиялар жасауға күш салып отырмыз», - деп мәлімдеді компания.
Бұрынғы қызметкерлер туралы не белгілі?
Іс бойынша жауапкерлер қатарында Apple-дің бұрынғы аға инженері Чан Лю және iPhone мен Apple Watch дизайнын әзірлеу жөніндегі бұрынғы вице-президент Тан Ю Тан бар.
Apple мәліметінше, Чан Лю жұмыстан шыққаннан кейін қызметтік ноутбугін қайтармаған. Кейін қауіпсіздік жүйесіндегі осал тұсты пайдаланып, компанияның ішкі желісіне кірген. Шағымда оның аппараттық жабдық әзірлеуге қатысты ондаған құпия құжатты жүктеп алғаны айтылған.
Ал Танға қатысты Apple оның жұмыстан кетер алдында компанияның жеткізушілері туралы ақпарат пен ішкі талдау материалдарын өзіне жібергенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, шағымда оның Apple қызметкерлеріне OpenAI-дағы әңгімелесуге Apple құрылғыларының бөлшектерін алып келіп, көрсетуге ұсыныс жасағаны айтылған.
Жауапкерлер қатарында OpenAI Foundation, OpenAI Group PBC коммерциялық бөлімшесі және OpenAI бұған дейін сатып алған io Products компаниясы да көрсетілген.
Apple қызметкерлерінің жаппай ауысқанын айтты
Компания ақпанда OpenAI-ға құпия ақпараттың таралуы мүмкін екені туралы ескерту хат жолдап, жағдайды талқылауды ұсынғанын мәлімдеді. Apple-дің айтуынша, ол хатқа жауап берілмеген.
Корпорация қазір OpenAI-да Apple-дің 400-ден аса бұрынғы қызметкері жұмыс істейтінін де атап өтті.
Apple мамандардың басқа компанияға ауысуы заңға қайшы емес екенін айтты. Алайда бұл бұрынғы жұмыс берушінің құпия материалдарын пайдалануға құқық бермейтінін ескертті.
Apple өкілдерінің айтуынша, OpenAI құпия технологияларға жеткізушілер арқылы қол жеткізуге тырысқан. Компанияның нұсқасы бойынша, мердігерлердің бірі OpenAI Apple рұқсатымен әрекет етіп жатыр деп ойлап, металды өңдеудің құпия технологиясын орындап берген.
Сарапшылар бұл істі ең ірі даулардың бірі деп отыр
Стэнфорд құқық мектебінің профессоры Марк Лемли бұл сот процесі саладағы ең ірі істердің біріне айналуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Калифорния заңдары қызметкерлерге бәсекелес компанияларға ауысуға рұқсат береді. Сондықтан мамандарды жаппай жұмысқа алу өз алдына заңбұзушылық саналмайды.
Алайда бұрынғы қызметкерлердің шынымен құпия құжаттарды алып кеткені және OpenAI оларды өз жұмысында пайдаланғаны дәлелденсе, бұл ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.
Ратгерс университетінің профессоры Камилла Хрди бұл істің әсіресе күрделі болатынын айтты. Өйткені мұндай даулардың көбі бұрын бағдарламалық жасақтамаға қатысты болса, бұл жолы әңгіме аппараттық құрылғылар әзірлеу туралы болып отыр.
Компаниялар арасындағы текетірес күшейіп келеді
Reuters мәліметінше, мамырда OpenAI да Apple-ға қарсы серіктестік шарттарының бұзылуына байланысты заңдық талап қою мүмкіндігін қарастырған.
Серіктестікке қарамастан, екі компанияның қарым-қатынасы барған сайын шиеленісіп келеді.
2024 жылы Apple ChatGPT-ді Siri және басқа да сервистеріне енгізді. Сонымен қатар, Apple Intelligence жүйесін таныстырды. Ал сарапшылар OpenAI өз құрылғыларын шығару нарығына белсенді түрде дайындалып, iPhone-ға бәсекелес болуды көздеп отыр деп санайды.
Былтыр OpenAI Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джони Айв негізін қалаған io Products стартапын 6,5 млрд долларға сатып алған еді. Бұл мәміле компанияның тұтынушылық электроника бағытындағы өз жобаларын дамыту стратегиясының бір бөлігі болды.
Джони Айв сот ісіндегі жауапкерлер қатарында жоқ.