Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесінен кейін көпшілікке танылған Айжан Аймағанова прокуратурадағы қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ол мұндай шешімді «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылғаннан кейін қабылдаған. Аймағанова қызметтен кеткені туралы Instagram-парақшасында жазды.
Оның айтуынша, енді прокуратурада жинаған кәсіби тәжірибесін заң шығару жұмысына пайдаланып, азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуге атсалысқысы келеді.
Аймағанова бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын атап өтті. Сондай-ақ, прокуратурадағы қызмет жылдары заң мен мемлекетті қорғауға арналғанын айтты.
Партия кандидаттарының тізіміне енді
Бұған дейін «Әділет» партиясы III кезектен тыс съезінде Құрылтай депутаттығына 186 кандидаттан тұратын тізімді бекіткен еді.
Тізімге қазіргі депутаттар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар және әртүрлі сала өкілдері енген. Кандидаттардың қатарында Айжан Аймағанова да бар.
Шулы соттан кейін танылды
Айжан Аймағанова бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушылардың бірі ретінде кеңінен танылды. Сот Бишімбаевты жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп таныған еді.