Энергетика министрлігі Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту қарқынын сынға алды

Ulysmedia
pixabay

Энергетика министрлігі Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстары айтарлықтай кешігіп жатқанын мәлімдеді. Нысанды тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов станцияның құрылыс-монтаж жұмыстары небәрі 26 пайызға жуық орындалғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Министрліктің мәліметінше, жұмыстардың созылып кетуіне негізгі жабдықтардың уақытында жеткізілмеуі себеп болып отыр. Бұдан бөлек, құрылыс алаңында жұмыс күші мен техника да жеткіліксіз.

Қазір нысанда 600-ге жетпейтін маман жұмыс істеп жатыр. Ал жоспар бойынша олардың саны шамамен 1 600 болуы керек еді.

Жұмыстың кешеуілдеуіне байланысты станциядағы бірнеше маңызды нысанның, соның ішінде тарату құрылғысы мен басқару жүйелерінің құрылысы да уақытынан қалып отыр.

Ақкенженов кестеден қалмау үшін аз уақытта жұмысшылар мен құрылыс техникасының санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ол алдағы апталарда мердігерлер барлық қажет ресурсты жұмылдырмаса, оларға қатаң шара қолданылатынын ескертті.

ЖЭО-2-де жағдай жақсырақ

ЖЭО-3-тен айырмашылығы, ЖЭО-2-ні жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Энергетика министрлігінің мәліметінше, станцияның құрылысқа дайындығы 92 пайызға жеткен.

Қажет жабдықтардың басым бөлігі жеткізілген. Құрылыс алаңында шамамен 1,5 мың маман және 140-тан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Станциялар газға көшірілуге тиіс

Алматыдағы екі жылу электр орталығын да жыл аяғына дейін көмірден газға көшіру жоспарланған. Бұл зиянды шығарындыларды азайтып, жылыту маусымында Алматыдағы ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Алайда жобаны іске асыру мерзімі бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген.