2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асырылған әлеуметтік нысандардың қызметін 652 мыңнан астам адам пайдаланды. Бүгінде бұл нысандар мыңдаған бала мен отбасыға оңалту, спорт, білім беру және шығармашылық бағытында жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді.
Жалпы 2016 жылдан бері «Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторының қолдауымен елімізде 275 әлеуметтік нысан салынып, жабдықталған. Олардың қатарында оңалту орталықтары, спорт кешендері мен алаңдары, инклюзияны қолдау кабинеттері, мәдени-ағартушылық және креативті орталықтар бар.
Бүгінде 55 мамандандырылған «Қамқорлық» аталатын оңалту орталықтары, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар, ерте араласу орталықтары және «Ainala» аралас үлгідегі орталықтар оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 21 мыңнан астам бала қажетті оңалту және әлеуметтендіру қызметтерін алады.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту да қор жұмысының маңызды бағытына айналды. Бүгінде еліміздің өңірлерінде 19 заманауи спорт кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда балалар мен жастар тегін спорт секцияларына қатысып, бүгінде облыстық жарыстармен қатар республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болуда. Биыл тағы 11 жаңа спорт нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде 3 инклюзивті спорт орталығы ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересектердің спортпен еркін айналысуына мүмкіндік береді.
«Әрбір көрсеткіштің артында нақты адамдардың тағдыры мен өмірлік оқиғалары тұр. Біз үшін әлеуметтік нысандар салу ғана емес, адамдардың сапалы білімге, медициналық көмекке, спортқа және өзге де маңызды қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Қор мәдениет пен креативті индустрияны дамытуға да жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін 3 креативті хаб пен 4 мұражай мен кітапхана жаңғыртылды. Ал жыл соңына дейін Жаңаөзенде жаңа кітапхана, Талдықорғанда креативті орталық пайдалануға беріледі. Аға буын өкілдерін қолдау мақсатында Тараз бен Шымкентте белсенді ұзақ өмір сүру мекемелері салынып, жұмыс істеп тұр.
Қайырымдылық қорының бас директоры Альфия Адиеваның айтуынша, алты айда 24,6 млрд теңгеге 27 қайырымдылық жоба бастау алды. Алдағы алты айда 20-дан астам әлеуметтік нысан жұмысын бастайды. Аталған жобалардың қатарында Ақтөбе мен Семейде 15 инклюзияны қолдау кабинеті, Жаңаөзенде жаңа кітапхана, Талдықорғанда креативті орталық, өңірлердегі жаңа спорт кешендері және т.б. бар.
Айта кетейік, биыл «Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» қорына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде 430-дан астам әлеуметтік жоба жол тартып, жыл сайын миллионнан астам қазақстандық қайырымдылық көмекпен қамтылып келеді.