Қазақстан азаматтарының банктер алдындағы қарызы 1 трлн теңгеден асты

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Қазақстандықтардың банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы коллекторлық агенттіктерге өндіріп алуға берілген өтелмеген берешегінің көлемі 1,1 триллион теңгеге жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Finprom.kz сарапшыларының есептеуінше, бір жыл ішінде коллекторларға берілген қазақстандықтардың қарызы 37,2 пайыз өскен. 2025 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 803,1 млрд теңге болған.

Кейінгі бес жылда, яғни 2021 жылдан бері өтелмеген берешек көлемі 2,7 есе артқан. Әсіресе өсім кейінгі екі жылда айтарлықтай жылдамдаған.

Сонымен қатар коллекторлардың талап ету құқығын сатып алу арқылы иеленген қарыз көлемі бір жылда 30,4 пайыз азайып, 727,7 млрд теңгеге дейін төмендеген. Бұл көрсеткіштің қысқаруы 2024 жылы тіркелген ең жоғары деңгейден кейін басталған.

Сарапшылар мұны негізінен 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап банктерге мерзімі өткен қарыздарды коллекторлық агенттіктерге сатуға тыйым салынуымен байланыстырады. Оның орнына банктер коллекторларды сотқа дейінгі өндіріп алу процесіне тарта алады, бірақ қарызды талап ету құқығы берілмейді. Бұл шектеу 2027 жылдың мамырына дейін қолданылады.

БАНКТЕР АЛДЫНДАҒЫ БЕРЕШЕК КӨБЕЙДІ

Бір жыл ішінде коллекторларға берілген банктер алдындағы қарыз көлемі 258,5 млрд теңге артқан. Қазақстандықтардың қарызды өтеу мәселесі негізінен банк несиелеріне байланысты болып отыр.

Finprom мәліметінше, коллекторлардың жұмысына қабылданған қарыздардың басым бөлігі екінші деңгейлі банктерден берілген.

— 2026 жылдың наурызында мұндай несиелер бойынша берешек көлемі 941,2 млрд теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 682,7 млрд теңге болған. Жалпы көлемнің 85 пайыздан астамы банктердің үлесіне тиесілі, — деп хабарлады сарапшылар.

Ал микроқаржы ұйымдарынан қабылданған қарыз көлемі бір жыл ішінде 85,4 млрд теңгеден 73 млрд теңгеге дейін азайған.