Қажыгелдин: Линдси Грэмді Қазақстанның мұнайы емес, саяси тағдыры алаңдататын

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның бұрынғы Премьер-Министрі Әкежан Қажыгелдин АҚШ Сенаторы Линдси Грэмді еске алу жазбасымен бөлісті деп хабарлайды, ulysmedia.kz.

Әкежан Қажыгелдинның ойынша,  бүгінде жастар «саясат – лас іс» деген пікірді жиі қайталайды. Сондықтан, ол отандастарына халықаралық деңгейдегі саясаткер болған, соғыс жүріп жатқан Украинаға іссапардан оралғаннан кейін 71 жасында кенеттен өмірден өткен АҚШ сенаторы туралы айтып бергісі келетінін жазды. 

- Мен Линдси Грэммен шамамен отыз жыл бұрын таныстым. Оның кеңсесінде бірнеше рет кездестік, Конгрестің әйгілі асханасында бірге түскі ас іштік, профильдік комитеттердің тыңдауларында пікір алмастық. Сенатор Грэм Қазақстанның мұнайы немесе түсті металдары туралы сұрамайтын. Оны еліміздегі саяси партиялардың тағдыры, журналистер мен жергілікті биліктің қысымына қарсы тұрған кәсіподақ белсенділерінің жағдайы көбірек алаңдататын, - дейді Қажыгелдин.

Саясаткер Линдсидің жігеріне, кең дүниетанымына, саяси күрестегі адалдығы мен принципшілдігіне әрдайым тәнті болғанын бөлісті. Бірде ол Еуразиядағы «өмір бойы билік ететін президенттер» туралы: «Өмір бойы билік ету – қайтыс болғаннан кейін масқара болудың жүз пайыздық кепілі», – деген екен.

- Линдси Грэм Сенаттағы «үш ноянның» соңғысы болды. Джон Маккейн мен Джо Либерман оның аға әріптестері әрі заң жобаларының бірлескен авторлары еді. Үшеуі де әділдік пен адам құқықтарын қорғау жолында АҚШ-тың әскери араласуын қолдап келді, - дейді экс-премьер.

Оның сөзінше, Линдси Грэм ашық-жарқын, әзілқой әрі өте жауапты адам болаған. Студент кезінде ата-анасынан айырылған соң, қарындасына қамқорлық жасауды өз мойнына алыпты.

37 жасында ол Оңтүстік Каролина штатының Окони округінен заң шығарушы органға депутаттыққа түсіп, сол кездегі депутатты 60 пайыз дауыс жинап жеңеді. Екі жылдан кейін АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасына сайлауда да сайлаушылардың 60 пайызының қолдауына ие болды. Ал 2002 жылы Оңтүстік Каролинадан АҚШ Сенатына сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметте болды.

Контекст

АҚШ-тың Республикалық партия өкілі, сенатор Линдси Грэм 11 шілдеде 71 жасында қайтыс болды. Бұған кенет басталған ауру себеп болған, Грэм Республикалық партияның ең танымал өкілдерінің бірі саналды. Ішкі саясаттағы көп мәселе бойынша ол президент Дональд Трампты қолдап, оның жақын саяси серігі болды.

Дегенмен кейбір тақырыптарда, әсіресе сыртқы саясат мәселелерінде, Грэм мен Трамптың ұстанымы әрдайым бір жерден шыға бермеген.