«ҚазАвтоЖол» тексерісі: мердігер өкілі пара алды деген күдікке ілінді

Ulysmedia
Pixabay.com

«ҚазАвтоЖол» жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтап, құқық қорғау органдарына тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

МӘН-ЖАЙ

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның бастамашылық хабарламасы негізінде 2026 жылғы 8 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері орындалған жұмыстардың қол қойылған аралық актісі сомасының 1 пайызы көлемінде пара алу кезінде мердігер ұйымның техникалық қадағалау жөніндегі бас инженерін ұстады.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізген қызметтік тергеп-тексеру материалдары мен аудиторлық тексеру нәтижелері негізінде Көкшетау көлік прокуратурасы «ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 250-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Алдын ала анықталған залал көлемі 24 млн теңгеден асады.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Аталған фактілер ішкі бақылау, аудит және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі аясында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде анықталды. Компания жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын басшылыққа ала отырып, құқық қорғау, арнаулы және қадағалау органдарымен өзара іс-қимылды жалғастырып жатыр, – делінген хабарламада.

Компания 2025 жылғы шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгенін ескертті. Осыған байланысты оларға заңнамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен жауапкершілік қолданылады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол құрылысы нысандарындағы сыбайлас жемқорлық, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану немесе өзге де заңсыз әрекеттердің әрбір фактісі құқық бұзушының лауазымына, мәртебесіне немесе қай ұйымның атынан әрекет ететініне қарамастан, құзыретті органдарға берілетінін ескертті.