Алматы соты белсенді Айжан Мамешованы кінәлі деп таныды

Есдәулет Қызырбекұлы
Ulysmedia

Алматының Медеу аудандық сотында белсенді Айжан Мамешоваға үкім оқылды. Сот оның бас бостандығын екі жылға шектеп, амнистияға байланысты жазадан босатты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Сот үкімі

14 шілдеде өткен сот отырысында судья Жасұлан Құсайнов белсенді Айжан Мамешованы кінәлі деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеді.

– Сот қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігінің 1 және 2 тармақтары бойынша айыпталған Айжан Мемешованы кінәлі деп танып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, – деді судья Құсайнов.

Сот үкіміне сәйкес, Мамешова Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға байланысты жазадан босатылды.

Алайда Айжан Мамешоваға бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Үйқамақта ұстау туралы бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасына ауыстырылды.

«Үкіммен келіспеймін»

Айжан Мамешованың өзі сот үкімімен де, тағылған айыппен де келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, іс қолдан құрастырылған.

– Іс тапсырыспен жасалған. Біз оған міндетті түрде шағым түсіреміз, – деді ол.

Контекст

Айжан Мамешова былтыр қыркүйекте ұсталып, сот шешімімен үйқамаққа алынған. Оған қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған. Істің қозғалуына белсендінің «Жанұя» балалар үйіне қатысты әлеуметтік желіде жазған жазбалары себеп болғаны туралы айтылған.

2025 жылдың сәуір айында ол балалар үйі тәрбиеленушілерінің мүлкі заңсыз тартып алынып жатқаны туралы, балаларға арналған жеңілдіктер шектеліп, жасөспірімдерге қысым жасалатынын жөнінде жазған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін азаматтық белсенділер мен билікті сынаушыларға қарсы Қылмыстық кодекстің 274-бабын қолданбауға бірнеше рет шақырған.

Amnesty International ұйымы 2021 жылғы баяндамасында Қазақстан билігі «Қылмыстық кодекстің 274-бабын өз пікірін бейбіт түрде білдірген сыншыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту және оларды қатаң жазалау үшін пайдаланды» деп мәлімдеген.