Алматыда аптап ыстыққа байланысты жедел жәрдем шақырғандар саны көбейді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Алматыда аптап ыстық салдарынан жедел медициналық көмекке жүгіну саны көбейген.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен. Оның ішінде, қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамырлары аурулары, жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне байланысты қоңыраулар көбейген.
Сонымен қатар, ми қан айналымының бұзылуына ұшыраған науқастар шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Дәрігерлер алматылықтарға сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күн астында ұзақ жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл киім мен бас киім киюге кеңес береді. Егер денсаулық жағдайы нашарласа, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Синоптиктердің болжамынша, Алматыда сәрсенбі күні ауа температурасы +33…+35°C болады. 16 шілдеде +36…+38°C, ал 17 шілдеде аптап ыстық күшейіп, +38…+40°C-қа дейін жетеді деп күтілуде.