Қазақстанда 10 миллион долларға арал сатылып жатыр

Ulysmedia
Pixabay

Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында ерекше хабарландыру пайда болды. Шығыс Қазақстан облысында аумағы 22,5 гектар болатын тұтас бір арал сатылымға шығарылған. Оның бағасы – 10 миллион доллар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

КУРОРТ ПА ӘЛДЕ ЖАБЫҚ КЛУБ ПА?

Аралды сату туралы хабарландыруға жергілікті журналистер назар аударған. Оны халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігінің негізін қалаушы жариялаған. Аралдың нақты орналасқан жері ашық түрде көрсетілмеген. Толық ақпарат тек әлеуетті инвесторларға ұсынылатыны айтылған.

Белгілі болғандай, жер жеке меншікте және біртұтас инвестициялық жоба ретінде қарастырылған.

– Бұл танымал нысан жасауға арналған орын: элиталық демалыс орны, жабық клуб немесе ірі туристік кешен салуға мүмкіндік бар. Үлкен су айдыны, жеке кеңістік, табиғи ландшафт және даму әлеуеті бар, – делінген хабарландыруда.

МҰНДАЙ ЖАҒДАЙ АЛҒАШ РЕТ ЕМЕС

Өңірде осындай ұсыныстар бұған дейін де болған. 2020 жылы Бұқтырма су қоймасындағы Қаздар аралы сатылымға қойылған еді. Сол кезде жергілікті билік бұл аумақтың жеке меншікте екенін түсіндірген.

1990 жылдары бұл жер әуелі жеке тұлғаға жалға беріліп, 2007 жылы оның меншігіне өткен.