Ақтөбе әкімдігі қоқыс мәселесін шешуді сұраған тұрғындарды полициямен күтіп алды

Ulysmedia
Ulysmedia

Ақтөбе қаласы Тұран ТА-да қоқыс шығару мәселесі шешілмеген. Бір топ тұрғын қала әкімі Азамат Бекеттен көмек сұрап келді. Әкімдік жұртты бірнеше патрульдік полициямен қарсы алды,

Бүгін Ақтөбе қаласы әкімдігіне бір топ тұрғын көмек сұрап келді. Бірақ Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет не оның орынбасары тұрғындармен кездесуге шықпады. Керісінше, әкімдікке қайта-қайта полиция топтары келді. 

Тұрғындардың айтуынша, қала іргесінен бой көтерген жаңа ауылда бес жылдан бері қоқыс мәселесі шешілмей тұр. Тұрғындар аптап ыстықта шіріп отырғандарын айтты. Бірі пакетпен қалаға тасыса, екіншісі қоқысты ауласында өртеп тұншығып отырғанын айтты.

- Проблеманың шешілмей тұрғанына 5 жыл болды. Адам бар жерде қоқыс шығады. Сондықтан бізге қоқысты жинайтын жағдай жасап беруі керек. Қазір шұңқыр қазып көмеді, өртейді, - деді тұрғын Бағилаш Ешпанова. 

Шәмшия Қайнарова да қоқысты қалаға тасып жүргенін айтты. Ыстықта терезе аша алмай, түтіннен демала алмай отыр. 

Тұрғындардың бәрінің проблемасы бір - қоқыс.  Әкімдіктен қоқыс шығаратын компанияны ауылға кіргізіп, қоқыс шығару жұмыстарын ұйымдастырып беруді талап етті. 

- Қоқыс қиындық туғызып тұр.жағып, көршілермен араздасамыз. Қалаға әкеліп тастаймыз. Ол жақтың адамдары ренжиді. Қазір түрлі жағдай болып жатыр. Қоқыстан мәйіт табылды дегенді естиміз. Жамандыққа ұрынып қалмаймыз ба деп қорқамыз. Мәселеміздің шешілмей отыруы осында әкелді,- деді Әділбек Жамалов.

Тұрғындармен кездесуге Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімі Баянбек Қырықбаев келді. Шенеунік тұрғын алапта қанша үй, халық барын нақты айта алмады. Бірақ мәселені бүгіннен қалдырмай шешуге уәде берді. 

- Қоқыс шығаратын арнайы компания бар. Жеке компания - “Нео плюс”. Олар жұмыс істеуге дайын. Келісімшарт негізінде жұмыс істеуге әзірміз деді. Онда әлі толық қоныстанып болған жоқ. Біз ұйымдастыру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Қырықбаев.

Тұрғындардың айтуынша қоқыс мәселесі шешілмеген ауылда 500-ге жуық үй бар.